Балқашта 100 келіден астам заңсыз балық аулаған төрт адам ұсталды

Фото: Балқаш балық инспекциясы

ҚОНАЕВ.KAZINFORM – Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы рейд барысында балық аулауға тыйым салынған құралдарды қолданған 4 азамат ұсталғанын хабарлады.

Тексеру нәтижесінде олардан моножіптен жасалған заңсыз балық аулау торлары және жалпы салмағы 133 кг болатын заңсыз ауланған балық табылды. Аталған дерек бойынша Балқаш қаласының полиция бөлімі балық ресурстарына елеулі залал келтіргені үшін ҚР ҚК-нің 335-бабының белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады.

Фото: Балқаш балық инспекциясы

- Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында бұзушылардан «Нива Шевроле» маркалы автокөлік, ұзындығы 1500 метр болатын заңсыз торлар және 133 кг балық тәркіленді. Алдын ала есеппен залал сомасы - 743 264 теңге, - деп хабарлады инспекциядан.

Еске салайық, СҚО-да суы таяз көлдің балықтары Есілге жіберілді.