Балқашта АЭС салу бойынша Қытаймен келіссөз жүргізген жоқпыз – Ринат Оқасов

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Оқасов Балқаш іргесінен орын тебу мүмкін АЭС мәселесі бойынша Қытайдың келісімін алу мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.

Мәселе қайдан шықты?

Қазақстанның алғашқы АЭС-і Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен кентінің аумағында салынатыны туралы Үкімет қаулысы шыққан. Үлкен кенті Балқаш көлінің іргесінде тұр деуге болады. Энергетиктер бұл таңдауды оңтүстік өңірлерге АЭС өндірген электр қуатын тасымалдау жеңілдейтінімен, АЭС турбиналарын суыту жұмыстарын жеңілдетуге ыңғайлы болуымен байланыстырып отыр. Алайда Балқаш көлінің негізгі суы бастауы Қытай аумағында жатқан Іле өзенінен келеді. Халықаралық норма бойынша трансшекаралық өзен бойына қандай бір ірі инфрақұрылым салу үшін су бойындағы елдердің түгел келісімін алу керек. Сондықтан Үлкен кентіне АЭС салу үшін Қытайдың келісім бергені қажет.

Қытай келісе ме?

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Оқасовтың айтуынша, бұл мәселеде қиындық болмауы керек.

- Қазақстан атом энергетикасы саласында бүкіл халықаралық конвенциялардың мүшесі болып есептеледі. Біздің шорт-парағымызда осы Қытайдың да корпорациясы бар. Сондықтан нақты АЭС салу мәселесінде Іле өзені бойынша келіссөз жүргізген жоқпыз. Бірақ бұл мәселеде ешқандай қиындық бола қояды деп ойламаймын, - деді Ринат Оқасов.

Бұған дейін АЭС салуға мемлекет кепілдігімен қарыз тартылуы мүмкін екенін жазған едік.