Балқашта баланы аяусыз соққыға жыққан: омбудсмен ІІМ-ге жүгінді
АСТАНА. KAZINFORM – Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Қарағанды облысында баланы ауыр соққыға жығу жағдайына қатысты пікір білдірді.
- Қарағанды облысында 9 жасар балаға қатысты жасалған зорлық әрекеттері бойынша Ішкі істер министрлігіне жүгіндім. Баланың анасымен байланыстамын, - деп жазды Динара Закиева Instagram парақшасында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Балқаш қаласының тұрғыны кішкентай ұлын ересек адам азаптағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сегіз жастағы баланы ер адам аяусыз соққыға жыққан, саусақтарын сындырған және денесін күйдірген.
Оқиға туралы баланың анасы әлеуметтік желіде мәлімдеген. Ол тергеудің тым ұзап кеткенін және күдіктінің полиция мен басқа да мемлекеттік органдарда таныстары бар екенін алға тартады.
Еске сала кетсек, Балалар құқығын қорғау комитеті автобуста ерекше баланың анасына ұрысқан әйелге қатысты мәлімдеме жасаған еді.