Балқашта баспалдақтан құлаған оқушы жансақтау бөлімінде жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - №16 орта мектептің бесінші сынып оқушысы бірінші және екінші қабат арасындағы баспалдақтан құлап кеткен. Зардап шеккен ол аурухананың жансақтау бөлімшесіне жеткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Үзіліс кезінде мұғалім оқушыларды екінші қабаттан бірінші қабатқа түсірген. Сол аралықта оқушының ауыстырмалы аяқ киімін сыныпта қалдырып кеткені есіне түседі. Ол кабинетке қайтып келгенде, сыныптастары мұғалімдерімен дәлізге түскен. Балқаш қаласының білім бөлімінің басшысы Гүлмира Ақдарбекованың мәлімдеуінше, бала аяқ киімін алып қайта шығып келе жатқанда аяғы тайып кеткен.

Дәрігерлер самай сүйегінің сынғанын және бас сүйек ішіндегі гематоманы анықтады. Оған ота жасалып, жансақтау бөліміне ауыстырылды.

«Пән мұғалімінің әрекетінен ешқандай құқықбұзушылық қарастырылмайды. Бала өзі құлаған, оны ешкім итерген жоқ, баспалдақта ешқандай ойын ойналған жоқ. Оқушылар назардан тыс қалмаған», - деді Гүлмира Ақдарбекова.

Қазіргі уақытта бесінші сынып оқушысының жағдайы тұрақты, өміріне төнген қауіп жоқ.