Балқашта қаламгер Сәдібек Түгел оқырмандармен кездесті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Балқаш өңірі - әрі жылы, әрі күн сәулесі көп түсетін табиғаты жағынан Қазақстандағы тартымды жерлердің бірі. Бүгінде осынау атауы көркіне сай жерде заманауи шипажай Балқаш емдеу-сауықтыру кешені орналасқан.

Бабаларымыз Балқаш деп те атаған шалқар айдынның самал толқыны жұмсақ құмды аймалаған оңашалау мүйісі аясында орналасқан Приозерск қаласындағы Балқаш емдеу-сауықтыру кешенінде жазушы, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, Сәдібек Түгелмен жергілікті оқушылар, сауықтыру кешенінің емделушілері, қала тұрғындарымен шығармашылық кездесу өткізілді.

Қаламгер Сәдібек Түгел жүздесу барысында қауымымен жүздесіп қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, өзіндік ой-пікірімен бөлісті.

Кездесу барысында жастарды қызықтырған жазушының өмірбаяны мен шығармашылық жолымен қатар қоғамдағы өзекті мәселелерге бар күш-жігерін арнаған белсенділігі қызу пікір өзегіне айналды. Кеш барысында Балқаш емдеу-сауықтыру кешенінің директоры Марат Шалов қарымды қаламгер Сәдібек Түгел ағамызға шығармашылық табыс тілеп, сый-сыяпат көрсетті.

Мағыналы кездесуді жүргізген емдеу-сауықтыру кешені директорының орынбасары Ерлік Омаров жазушының шығармашылығы, белсенділігі туралы жақсы пікірлерін білдірді. Іс-шара 3 сағатқа созылды, кешке қатысушылар жақсы әсер алды. Ұрпаққа рухани азық болған туындылардың авторы, белгілі жазушымен жүздесуге келгендердің қарасы қалың болды.

Жиылғандар жазушыға оның кітаптары, шығармашылығы, өмірі жайында сауал жолдап, мол мағлұматқа қанықты. Әсіресе ұлттық спорт, Ұлы Дала қырандары қозғалысының атқарған шаралары жайында көптеген сауалдар қойылды.

Спортты әлемге мойындатқан тұлғалар жетерлік. Десе де, ұлттық спортты ұлықтап, негізін қалаған Сәдібек ағамыздың қоғамдағы орны бөлек. Оның ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы әлемді мойындатқан «Қазанат» кітабының өзі қазақ тілді оқырманға ғана емес, ағылшын тілді аудиторияға да таныс.

Жазушының шұрайлы тілде жазылған бірегей туындыларының қатарындағы «Ер туған» повесі, «Астана хикаялары», «Ұлт және азамат», «Додада топты жарған азаматым!», «Астана баспасөз шежіресі», т.б. кездесу барысында ұйымдастырылған көрмедегі кітаптары жайында оқушылар мол мағлұмат алып, зор әсер алып қайтты.

Жиылғандар арасында автордың шоқтығы биік туындысы «Қазанат» неліктен бұлай аталғандығын сұрағандар көп болды. Замана желімен жарысқан қазақтың қазанаты жайлы жалпы жылқының қазақ өміріндегі орны туралы терең айтып, жылқының құрметіне баршаны мойындатқан атақты Құлагерге арналып орнатылған ескерткіш жайында да тоқталып өтті.

Әрбір сауалға байыппен, зор ықыласпен жауап берген жазушы Сәдібек Түгел ағамыз жиылғандарға өзінің ризашылығын да білдіріп жатты. Кездесу кешіндегі ой-пікірлер сонымен қатар шынайы өмірдегі, тіршіліктегі түйткілді жайттарға ойысып, бүгінгі күндегі жастар арасындағы өзекті мәселелерге де кеңінен баяндалды. Ең алдымен қоғамымыздағы «Ар дағдарысы» сынды қазақ қыздарының болашағы жайлы ой қозғады.

Сәдібек Түгел ағамыз да кеш соңында осы кездесуді ұйымдастырған Балқаш емдеу-сауықтыру кешені ұжымына өз алғысын білдірді.

Кеш соңында Балқаш емделу-сауықтыру кешенінің директоры Марат Тәңірбергенұлы, кешті ұйымдастырушылар, мазмұнды да мағыналы сәтті кездесуге қатысушылардың атынан жазушыға зор алғысын жеткізді.

Бүгінде дәуір дүрмегін дөп басқан туындыларымен қалың оқырманның ықыласына бөленіп, қоғамда белсенділік танытып жүрген Сәдібек Түгел ағамыздың әрбір шығармасы шынайылығымен, ерекше көркемдігімен құнды, атқарып келе жатқан ұлы істері де қашанда маңызды, мәнді.

Жазушының өмірі мен шығармашылығы, қоғамдағы белсенділігімен қатар Сәдібек ағамыз бильярд ойынының қас шебері. Бұл мазмұнды кездесуден кейін 18 мамыр күні Сәдібек Түгел ағамыздың құрметіне орай осынау Балқаш емдеу-сауықтыру кешенінде үлкен бильярд ұйымдастырылатын болды.

Дидар НҰРЖІГІТ