Балқашта су мәселесін шешу бойынша шаралар кешені жасалды

БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Балқашта Тоқырау су құбырына тексеру жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаланы сумен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ Балқашта су құбыры желілерін қайта жаңарту жалғасуда.

Қарағанды облысының қалалары мен ауылдық елді мекендерін сумен жабдықтау туралы аппарат кеңесінде Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Төлеуов баяндады.

«Балқашта 2022 жылы қаланың су құбыры желілерін қайта салу жобасы басталды. Жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілуде. Олар 2024 жылы аяқталатыны жоспарланған. Сонымен қатар қаланы және жақын маңдағы елді мекендерді қоректендіретін Тоқырау су құбыры тексерілді. Қала әкімдігі сумен жабдықтауды тұрақтандыру, ауыз су мәселесін кешенді шешу, сондай-ақ «Балқаш су» және «Балқаш жылу» коммуналдық кәсіпорындарын жаңғырту бойынша бірінші кезектегі шаралардың тиісті жол карталарын әзірледі», – деді Ербол Төлеуов.

Балқаш әкімі Қайрат Қамзиннің айтуынша, қала бюджетінен қызмет көрсетушілер үшін жаңа жабдықтар мен материалдарды сатып алуға қаражат бөлінді. Осы аптада конкурс жарияланады.

Сондай-ақ Ербол Төлеуов облыс бойынша халықтың таза ауызсуға қолжетімділігін қалай арттыратынын айтып берді. Міндет – 2025 жылға қарай 100 % қамтамасыз ету. Қазір облыс қалаларында көрсеткіш 98,5 %, ауылдарда 92,9 % құрайды.

Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 39 жоба қаржыландырылды. 390 шақырымға жуық су және кәріз желілерін салу және қайта жаңарту жоспарлануда.

Қарағандыда Сұрыптау шағынауданында су құбыры желілерінің құрылысын аяқтау қажет. Сондай-ақ орталықтандырылған сумен жабдықтау Сахалин кентінде жүргізілетін болады, жоба әзірленді.

Теміртауда су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл шамамен 20 км қалды.

Бұқар жырау, Ақтоғай, Қарқаралы, Нұра және Шет аудандарының 14 ауылында жаңа су құбырлары салынып жатыр.

200-ден аз адам тұратын ауылдарда суды блок-модульдік тазарту кешендері орнатылады.

«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Барлық іске асырылып жатқан жобаларды уақтылы аяқтап, пайдалануға беру қажет. Жұмыс барысын жеке өзім бақылайтын боламын», – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.