Балқашта топпен зорлау ісі: Айыпталушылар 12 жылға сотталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Балқашта топпен зорлау ісінің екі фигурантына 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Осы іс жәбірленуші Алматыда өткен баспасөз конференциясында қылмыскерлердің жазаға тартылмай жатқаны туралы айтқаннан кейін елді дүрліктірген болатын.

Бас прокуратура істі дереу өз бақылауына алды. Судья Марат Башанов екі айыпталушыны Қылмыстық кодекстің үш бабы: 125-баптың («Адамды ұрлау») 2-бөлігі, 121-баптың («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») 2-бөлігі және 120-баптың («Зорлау») 2-бөлігі бойынша айыпты деп танып, олардың әрбіріне 12 жыл бас бостандығын айыру жазасын берді. Олар жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

Жәбірленуші Нұргүл Құсылбекованың қылмыскердің әрқайсысынан 30 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы сұраған талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот қылмыскерлердің әрқайсысынан 1 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.

Еске сала кетейік, Нұргүл Құсылбекованың полицияға айтуынша, 2016 жылдың тамызында Балқаштың екі тұрғыны оны молаға алып барып, күрекпен ұрған, оны қорлаған. Олар қызды қабір қазуға мәжбүрлеген. Қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылған, айыпталушылар ұсталмаған болатын. Полицияға шағымданғаны үшін кек алуынан қорыққан жәбірленуші Балқашты тастап, Теміртау қаласында пәтер жалдап тұрған.