Балқашта жаңа AIR-112 тікұшағы кезекшілікке кірісті

АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Балқаш қаласында жаңа AIR-112 авиациялық-құтқару жасағының жұмысына ресми түрде старт берді.

Фото: ТЖМ

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, тәулік бойы кезекшілікке адамдарды іздестіру және құтқару, санитариялық авиация, әуе мониторингі және төтенше жағдайларға ден қою міндеттерін орындайтын тікұшақ кірісті.

Авиациялық-құтқару жасақтарын құру және мамандарды әлеуметтік қолдау бағдарламасын іске асыру аясында AIR-112 авиациялық-құтқару жасағының командирі Абай Қоржынбайға қызметтік пәтердің кілті табысталды.

Фото: ТЖМ

Жаңа бөлімшенің жұмысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты. Тікұшақты орналастыру үшін экипаж бен әуе кемесінің тәулік бойы жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ететін жаңартылған авиациялық база дайындалды.

— Балқашта авиациялық жасақтың құрылуы ТЖМ-нің AIR-112 авиациялық қызметін дамыту және ел аумағында авиациялық-құтқару бөлімшелерінің желісін кеңейту жөніндегі жұмысының бір бөлігі болды, — делінген хабарламада.

Фото: ТЖМ

Бұдан бұрын ШҚО орманындағы өрт ошағына тікұшақпен 39 тонна су төгілгенін жаздық.