Балқаштағы жаңа мыс қорыту зауыты 1 200 адамға тұрақты жұмыс береді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Үкіметі өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасындағы мыс қорыту зауытын салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімді мақұлдады.

Фото: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Байдрақымов

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа өндіріс Қарағанды облысының Балқаш қаласында жүзеге асады. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 750 млрд теңге болады.

Кәсіпорынның құрылысы 2027 жылы басталады, 2030 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы.

— Жоба 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде қызметкерлердің 90%-ы, басшылық лауазымдарды қоса алғанда, қазақстандық мамандар болады, алдағы бес жыл ішінде олардың үлесі 95%-ға дейін артады. Сондай-ақ инвестор Қарағанды облысының оқу орындарында 50 студентті даярлау бойынша міндеттемелер алады, — делінген хабарламада.

Жаңа қуаттарды іске қосу ел ішінде мыс шикізатын қайта өңдеу көлемін бір жарым есеге арттырып, жылына 800 мың тоннадан астам көлемге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қосылған құны жоғары өнімнің экспорты жылына 460 мың тоннадан 760 мың тоннаға дейін өседі. Сонымен қатар өндіріс заманауи технологиялармен және цифрлық шешімдермен жабдықталады.

Осы жылдың алты айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8%-ға ұлғайды. Өсім машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу, құрылыс материалдарын шығаруда және басқа да салаларда байқалады. Осы кезеңде елімізде 232 мың тонна катодты мыс өндірілді.

Катодты мыс — қосылған құны жоғары өнім шығарудың негізгі шикізаты. Ол электр кабельдері мен жабдықтарын, құбырларды, құрылыс материалдарын, автомобиль бөлшектерін, сондай-ақ қола, жез және басқа да мыс қорытпаларын өндіруде қолданылады.

Еске салайық, бұған дейін Олжас Бектенов Каспий жағасында салынатын кеме жасау зауытының жобасын қараған еді.