Балқашта жүк пойызы қағып кеткен әйел мерт болды

Фото: None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Қаза тапқан әйел Балқаш қаласының Жұмысшы кенті маңында темір жол бойынан өтпек болған. Қазір аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марқұм әйел - Балқаш қаласы Жұмысшы кентінің тұрғыны.

Қайғылы оқиға кент пен қала арасындағы аралықта теміржол бойында орын алған.

Қаза болған келіншек темір жол бойымен өтіп бара жатқанда оны жүк пойызы қағып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмның есту қабілетінде ақау болған.

Пойыз жүргізушісінің айтуынша, шұғыл тежегішті басқанымен қақтығысқа жол бермеуге мүмкіндік болмаған.

Әйел алған жарақатынан қайтыс болды.

«Аталған факті бойынша Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінде ҚР ҚК 344-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады көлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ведомство тергеу аяқталғанша өзге ақпаратты жария етуге болмайтынын хабарлады.