Балқаштағы аралда үш тоннаға жуық голландиялық каннабис табылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының полицейлері «Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шара аясында Балқаш өңірінде қарасора алаңын тапты. Есірткі плантациясы әуе барлауы кезінде анықталған.

Фото: Polisia.kz

– Есірткі плантациясы Балқаш көлінің аралдарының бірінде анықталды. Сараптама тәркіленген 6 122 өсімдік бұтасы жалпы салмағы 2 тонна 740 келі болатын голландиялық каннабис екенін растады, – деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.

Сондай-ақ полиция бастығы арал аумағында орналасқан шатырда патрондары бар тегіс ұңғылы қару, екі қап тыңайтқыш және қарасораны суарып, өңдеу туралы жазбалары бар дәптер табылғанын атап өтті.

– Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді ұстауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Бауыржан Әленов.

Еске салайық, бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданында 5 гектар қарасора алқабы табылған болатын.