– Биылғы оң тәжірибені одан сайын күшейтіп, басқа курорттық аймақтарға да ұсынатын боламыз. Мысалы, Балқашта 1,4 млрд шамасында төрт жағалау абаттандырылып, онда туристердің суға түсетін жағалаулары арнайы оқшауланып, судағы көліктің жеке маршруты болды. Осының арқасында қауіпсіздік қамтамасыз етілді. Енді бұл тәжірибені біз Жетісу және Абай облысына ұсынатын боламыз, – деді ол.
Дөңгелек үстелде 2026 жылғы туристік маусымның қорытындысы мен келесі жылға дайындық барысы да талқыланды. Қатысушылар жолдардың жай-күйі, көлік қатынасының қолжетімділігі, коммуналдық инфрақұрылымның дайындығы және демалушылардың қауіпсіздігі мәселелерін көтерді.
Жиында Алакөл жағалауын нығайтуға бөлінген 25 млрд теңгеден астам қаражаттың тиімді жұмсалуы да сөз болды. Кәсіпкерлер мен сала мамандары жағалауды бекіту жобалары көлдің табиғи ерекшеліктерін ескеріп, ұзақ мерзімді нәтиже беруі керегін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдарға жолданатын ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Алакөл жағалауын нығайтуға 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгені туралы жазған едік.