Бұл туралы бүгін апталық брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Ресми өкілдің атап өтуінше, аталған қылмыстық іске байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 96 және 103 баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Күдіктілерді іздеу және нақтылауға бағытталған кешенді жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Қылмыстық істі тергеу барысы қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің қатаң бақылауында», -деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 9 шілде күні шамамен 04:00-де Балқаш қалалық ІІБ-нің кезекші бөліміне Желтоқсан көшесінде орналасқан дәмханадағы атыс туралы хабарлама келіп түскен. Белгісіз біреулер дәмхананың металл қоршауының ар жағында тұрып, жазғы алаңда отырған дәмхана қонақтарына қарай бірнеше рет оқ атқан. Оқиға салдарынан жеті адам оқ жарақаттарын алды. Жәбірленушілер - Балқаштың 17-21 жас аралығындағы тұрғындары. Олардың үшеуі - ЖОО-ның студенттері, екеуі - жұмыссыз, біреуі - күзетші. Жәбірленушілердің бірі - Балқаш қалалық ІІБ учаскелік инспектордың көмекшісі алған жарақаттарынан ауруханаға барар жолда көз жұмды.