Балқаштың айналма жолында сервистік нысандар салу үшін жер учаскесі қашан беріледі – өңір әкімінің жауабы

Фото: Фото: primeminister.kz

Балқаш қаласының айналма жолы бойында салынатын сервистік объектілер үшін жер учаскелері аукцион арқылы сатылады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысының әкімінен: «Балқаш қаласының айналма жолына сервистік объектілерді салу үшін жер учаскелерін бөлу рәсімдері созылып кетті. Бұл мәселе қалай шешіледі?», - деп сұраған еді.

Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, сервистік объектілері үшін 12,8 гектар жер учаскесі бөлінген.

«Осы жылдың желтоқсанында аталған ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы аяқталады. 2024 жылдың 1-тоқсанында жер учаскелері аукцион арқылы сатылады», - деді өңір басшысы.