Мәлім болғандай, сәби екіқабатты тұрғын үйдің ашық тұрған балконынан шығып, үйдің алдына қосымша салынған құрылыстың шатырына түскен. Кейін төменге құлап кеткен.
«2 маусымда Саран қаласында үлкендердің қарауынсыз қалған 2020 жылы туған қыз бала абайсызда жапсарлата салынған нысанның төбесінен құлап (биіктігі 2,5 м), ауруханаға жеткізілді», - деді Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы бала Мақажанов атындағы клиникаға жеткізілгенін, оған жабық бас сүйек-ми жарақаты мен бас миының шайқалуы диагнозы қойылғанын хабарлады.
«Қыз баланы нейрохирург қарап шықты. Алдын ала диагноз: жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық. Тексеру қорытындысы бойынша алдағы әрекеттер туралы шешім қабылданады», - деді ведомствоның баспасөз қызметінен.
ТЖД қызметкерлерінің айтуынша, ересектер тарапынан тиісті қадағалаудың болмауы балалардың жарақаттануы мен өлімінің негізгі себебі болып отыр. Осыған байланысты құтқарушылар ата-аналардан кішкентай балаларға бақылауды күшейтуді, оларды терезелері ашық үй-жайларда жалғыз қалдырмауды сұрайды.