Литваның солтүстік-шығысында бір адам үстіне ағаш құлап қаза тапты. Латвияның Елгава қаласында тағы бір адам ғимараттың құлаған бөліктерінің астында қалып, тіл тартпай кетті. Көптеген тұрғын құлаған ағаштардан зардап шекті.
Латвияда 14 адам медициналық көмекке жүгінді. Дәрігерлер олардың арасында ауыр жарақат алғандар бар екенін хабарлады. Адамдардың көпшілігі ағаштар мен бұтақтардың құлауынан, соның ішінде көліктердің үстіне құлаған ағаштардан зардап шеккен. Кейбір тұрғындар көліктерінің ішінде қамалып қалған. Рига әуежайы рейстердің кешігуі мүмкін екенін ескертті.
Дауыл электрмен жабдықтау жүйесінде ақаулар туғызды. Жергілікті БАҚ мәліметінше, Латвияда 250 мыңнан астам үй жарықсыз қалды. Литвада электр қуаты 150 мыңнан астам үйде өшсе, Эстонияда 3,5 мыңға жуық үй жарықсыз қалған. Польшада 145 мыңнан астам үйде электр энергиясы болмаған. Ал Беларусьте 650-ден астам елді мекенде электр қуатымен байланысты ақаулар тіркелді. Сонымен қатар Латвияда көптеген ұялы байланыс абоненттері байланысқа шығуда қиындықтарға тап болды.
Қатты жауын-шашын бірнеше өңірде су тасқынына себеп болып, жол, теміржол және теңіз қатынасының жұмысына кедергі келтірді. 23 тамыз күні түстен кейін өңірде қатты желге байланысты ескерту сақталды.
Бұған дейін Қытай тайфунға байланысты «көк» деңгейдегі дауыл туралы ескерту жариялағаны хабарланған.