Балуан Едіге Қасымбек әлем чемпионатын жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық балуан Едіге Қасымбек Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде жеңіске жетті.

Фото: ҚР ҰОК

Еркін күрестен 125 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз іріктеу кезеңінде Грузия өкілі Александр Абрамишвилимен кездесті.

ҚР ҰОК мәліметінше, нәтижесінде Едіге қарсыласын мерзімінен бұрын 10:0 есебімен жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды.

Айта кетейік, Абу-Дабиде өтіп жатқан Grand Slam турнирінде қазақстандық дзюдошы Талғат Орынбасар 60 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алды. 

Қазақстан ұлттық құрамасы шорт-тректен Канаданың Монреаль қаласында өтетін әлемдік турдың екінші кезеңінде бақ сынайды.