Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен «Ритц Палас» сауда үйінде заңсыз ойынхана ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істерді тергеу аяқталды

АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Алматы қаласы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының ғимаратында және «Ритц Палас» сауда үйінде заңсыз ойынхана ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істердің тергеуін аяқтады.

ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің хабарлауынша, қылмыстық істер прокуратураға жолданды.

«Департамент қызметкерлері Алматы қаласының аумағындағы заңсыз ойын залдарын анықтау және әшкерелеу бойынша жұмысын жалғастыратын болады. Ағымдағы жылғы 29 қаңтарда "Айнабұлақ" ықшамауданында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша Т. Садықовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тексеру барысында Департамент қызметкерлерімен аталған ойын залынан көлеңкелі айналымнан түскен ақша қаражаты және 13 ойын аппараттары, 1 электронды рулеткасы тәркіленді», - делінген хабарламада.

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, қазіргі таңда Т. Садықовқа қатысты ҚР ҚК 269-1-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс тергелуде, нәтижелері жарияланатын болады.