Қазақстандық Жәмила Бақбергенова Біріккен күрес әлемінің (United World Wrestling – UWW) жылдық қорытынды рейтингісінде өз салмақ дәрежесінде көш бастады, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан күрес федерациясынан мәлім еткеніндей, 27 жастағы балуан қыз өтіп бара жатқан жылда 72 келіге дейінгі салмақта ірі ресми жарыста жүлделерге қол жеткізді.
Үш дүркін Азия чемпионы атанған ол Сербияда өткен әлем біріншілігінде үздік үштікке ілікті.
Әлем чемпионатынан кейін олимпиадалық, 76 келіге дейінгі салмаққа ауысқан Жәмила қазанда Қытайда Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Жәмила – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. 2021 және 2022 жылдары әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған 27 жастағы Жәмила Бақбергеновадан қазақстандықтар жаңа жылда да үлкен үміт күтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жәмила Бақбергенованың Азия ойындарының күміс жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).