Балық аулауға кеткен Ақмола облысының тұрғыны бірнеше күн адасып жүрген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Балық аулауға кеткен Ақмола облысының тұрғыны бес күндей із-түссіз жоғалып кеткендер қатарында саналды, деп хабарлайды өңірлік ІІД-інің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» ХАА.

«19 шілде күні Астрахань аудандық ішкі істер бөліміне Жалтыр ауылының тұрғынынан хабарлама келіп түскен. Әйел 67 жастағы күйеуінің 17 шілде күні балық аулауға кетіп, әлі күнге дейін қайтып оралмағандығын мәлімдеген. Екі күндей туысқандары іздеу жұмыстарын өз беттерімен жүргізген, содан кейін полиция көмегіне жүгінді», - делінген хабарламада.

Тәулік бойы күшейтілген іздеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен аумақ тексерілді, такси жүргізушілері, теміржол және автобекет жұмысшыларына сұрау салынды. 20 шілде күні полиция қызметкерлері жоғалған ер азаматты жазық даладан тауып алды. Ол бірнеше күн бойы адасып, жол таба алмай жүрген. Тәртіп сақшыларының уақытында көрсетілген көмегі қайғылы оқиғаның алдын алуға септігін тигізді. Қазіргі уақытта жоғалған азамат туған-туыстарының қасында.

Жыл басынан бері Ақмола облысының полиция қызметкерлері із-түссіз жоғалған 58 адамды тапты, олардың бесеуі кәмелеттік жасқа толмағандар.