Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда «ғылыми-зерттеу институттарын оңтайландыру қажеттілігіне байланысты» деген себеппен елімізде бірқатар институттар біріктіріліп жатыр.
«Соның ішінде Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын мал шаруашылығы бағытындағы Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өнімдері өндірісіне қосу жоспарлануда. Бұл ретте балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты филиал мәртебесінде қалады екен. Біздің пікірімізше, бұл тым асығыс шешім. Өйткені, екі институттың зерттеу нысандары мен әдістемелері әртүрлі. Бұлар бір-бірінен өте алшақ жатқан ғылыми мекемелер», - дейде сенатор Еңсегенов.
Оның айтуынша, бір-бірімен байланыссыз екі ғылыми мекеменің қосылуы және балық шаруашылығының қосалқы болуы болашақта білікті мамандардың бұл саладан кетуіне әсер етуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде елімізде онсыз да кенжелеп қалған балық шаруашылығының дамуына кері әсер беретіні сөзсіз.
«Біз ҚР Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының біртұтастығы мен дербестігін сақтап қалу туралы ұсыныс бергенбіз. Сенаторлардың бірқатары осы ұсынысты қолдап отыр», - деді сенатор.