Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Юрий Ромашов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда еліміздегі балық қорын қорғауға қатысты атқарылып жатқан іс-шараларға көңіл толады. Дегенмен де, бұл бағыттағы нәтижені одан сайын жақсартуға болатын еді, бірақ оған материалдық-техникалық жабдықтау бойынша туындаған қиындықтар кедергі болып отыр. Мәселен, Балық шаруашылығы комитетінің арнайы органдарына қазіргі таңда 151 автокөлік болуы қажет еді. Бұл Үкіметпен бекітілген норма. Өкінішке қарай, балық шаруашылығы органдарындағы қамтылған көліктің саны 64 қана болып отыр, яғни 87 автокөлік жеткіліксіз», деді Ю. Ромашов.
Сонымен бірге, Комитет төрағасының айтуынша, балық шаруашылығы органдарына «Теңіз» санатына жататын 5 теңіз кемесі қажет болатын болса, арнайы органдарда бұның біреуі де жоқ. 30-ға жуық жеке кемелер де жетіспейді.
«Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкіметке материалдық-техникалық жабдықтарды күшейту туралы өтініш жасауда», деді Ю. Ромашов.