Балық шаруашылығы су ресурстары мен экожүйелерді жақсартуға, инвестиция тартуға ықпал етеді - Үкімет сағаты

АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Балық шаруашылығын дамыту су ресурстары мен экожүйелердің жай-күйін жақсартуға, су сапасына инвестиция тартуды ынталандыруға ықпал ететін болады.

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, дүниежүзінде балық ресурстарына сұраныс қарқынды түрде өсіп келеді. Мәселен, әлемдік ауқыммен алғанда балық түрлерін жасанды өндіру 1970 жылдан бастап 10 есе өссе,  қазіргі күні табиғи балық аулаушылықты қоса алғанда барлық балық нарығының 50  пайызына жақындауда.

«Жалпы табиғи жағдайларда өсірілген өнімге сұраныс одан да жоғары. Сондықтан да, балқаш алабұғасы немесе каспий бекіресі секілді жергілікті құнды және балықтың сирек түрлерін брендке айналдыру бағытында сауатты саясат жүргізсек, Қазақстанның осы тұрғыда әлеуеті арта түсері сөзсіз. Оның үстіне бізде бүгінгі күні уылдырық бизнесінің әлеуеті толығымен пайдаланылмай келеді», - дейді Нұрлан Қаппаров. Оның сөзіне қарағанда, еліміздің балық шаруашылығы қоры шамамен 3 млн. гектарды құрайды. Бұдан бөлек, көлдерді, бөгендер мен өзендерді қоса алғанда, тауарлы балықтарды өсіруге арналған 60 мыңнан астам гектар су қоймасын қамтиды.

«Посткеңестік республикалардың ішінде Қазақстан ішкі су қоймаларының ауданы бойынша Ресейден кейінгі орынды алады. Ендеше елдегі балық шаруашылығы мен балық аулау ісін  дамытудан нарығымыздың әлеуеті жылына  1 млрд. доллардан астам соманы құрауы мүмкін», - дейді министр.