Балық шаруашылығын дамыту Үкімет отырысында қаралады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Балық шаруашылығын дамыту Үкімет отырысында қаралады. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балық шаруашылығын одан ары дамыту мәселелерін Қазақстан Үкіметінің отырысында қарау жоспарлануда. Оны өткізу осы қазан айында немесе қарашаның басында көзделген», - деді Нысанбаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда министрлік тауарлы балық өсіруді одан ары дамыту үшін шағын және орта бизнесті қолдауды қолға алмақ. Бұл ретте тұйықталған сумен жабдықтау қондырғыларында, шарбақ, бассейн және тоған шаруашылықтарында тауарлы балық өсіретіндер үшін балық азығына жұмсалатын шығындарды қаржыландыру жоспарланып отыр.

«Жасалған есеп-қисаптарға сәйкес, азық құнын 30 пайызға арзандатуды қаржыландыру үшін инфляцияны ескергенде мынадай мөлшерде бюджет қаражаты қажет: 2017 жылы - 200 млн. теңге, 2018 жылы - 350 млн. теңге, 2019 жылы - 450 млн. теңге, 2020 жылы - 500 млн. теңге», - деді Нысанбаев.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, тауарлы балық өсіруді қолдау жөніндегі іс-шаралар орындалған жағдайда өндіріс көлемі субсидиялауға бөлінетін сомадан ақшалай алғанда жыл сайын 5 есе көбейіп отыратын болады.

Айта кетейік, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде еліміздегі балық шаруашылығының жағдайы және даму мәселелері талқылануда.