Балық шаруашылығына арналған дербес агенттік құру қажет - сенатор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Балық шаруашылығына жауапты орталық дербес мемлекеттік орган құру керек. Бұл туралы Сенатта балық шаруашылығын дамыту мәселесіне арналған отырыста депутат Сәрсенбай Еңсегенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде балық өніміне сұраныс жоғары. Бұл саланы дамыту мүмкіндігі де зор. Ендеше, «осы саланың орнықты дамуына, бәсекеге қабілетті болуына, импортты алмастырып, экспортты ұлғайтуына не кедергі?» деген сұрақтың туындауы заңды. Менің ойымша, бұған жүйелі түрде шешуді қажет ететін бірнеше себептер бар. Біріншіден, балық ресурстарын мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі жоқ. Тәуелсіздік жылдарында балық жөнінде орталық мемлекеттік орган бірнеше рет құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Қазіргі уақытта бұл сала ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне біріктірілген. «Балық» деген сөздің комитет атауында жоқ екенін байқап отырған шығарсыздар», - деп тоқталды сенатор.

Оның пайымынша, балық ресурстарын басқару жөнінде орталық мемлекеттік органның тұрақты болмауы, оның қазіргі уақыттағы мәртебесінің төмендігі аталған салада нәтижелі мемсаясатты жүргізуге қолбайлау болуда.

«Мен Үкіметке балық шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, өз алдына дербес агенттік құру қажеттігін айтқан болатынмын. Бүгінде де осы пікірдемін. Осы орайда балық шаруашылығына жауапты орталық дербес мемлекеттік орган құру туралы жиналыстың хаттамалық шешіміне енгізу туралы ұсыныс жасаймын», - деп атап өтті Сәрсенбай Еңсегенов.

Бұдан бөлек, балық шаруашылығын дамытуға негізделген бағдарлама керектігін алға тартты.

«ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мембағдарламасы 29 беттен тұратын ауқымды құжат. Осы құжатта балық шаруашылығының жай-күйі үш-ақ абзацтан тұратын акваөсіру мәселесімен шектелген. Алдағы осы мемлекеттік бағдарламаның аясында немесе өз алдына бөлек арнайы жоспар қабылдау қажет деп ойлаймыз», - деді депутат.