Банан лақтырған жанкүйер енді футболға бармайды - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері өткен Испан Примерасының 35 тур ойынында «Барселона» мен «Вильярреала» бақ сынасқан болатын. Осы кездесу барысында «Вильярреала» жанкүйері сырт алаңда өнер көрсетіп жатқан каталондық футболшы Дани Алвеске банан лақтырып, бұзақылық қылған еді. Бұл әрекеті әлемде үлкен наразылық тудырып, «сары флешмоб» аталған қозғалыс кең таралғаны мәлім. Испандық El Pais газеті хабарлағандай, бүгінде «Эль Мадригал» стадионының қауіпсіздік қызметкерлері бұзақы жанкүйердің кім екені анықтады.

Бұзақы жанкүйер бұл әрекеті үшін енді өмір бойы сүйікті командасының өз алаңында болатын кездесулеріне бармайтын болады. Онымен қоса, ол қомақты айыппұл төлеумен қатар, елдің барлық спорт ареналарына бас сұға алмай қалуы мүмкін.

Жанкүйер өзіне тағылған айыпты мойындап, ісіне өкінетінін айтып, ешбір нәсілді, ұлтты кемсітпейтінін жеткізіпті.

Естеріңізге сала кетейік, Барселона футболшысы жанкүйердің әрекетіне абдырамастан, жерден бананды алып, жеп қойған болатын. «Сары флешмоб» қозғалысына қатысушылар да банан жеп немесе бананмен суретке түсіп, интернет желілеріне таратқан. Олар осылайша Дани Алвесті қолдайтындарын жеткізген еді.