Бангкоктағы географиядан халықаралық олимпиадаға елімізден 4 оқушы қатысып жатыр

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Тайланд астанасы Бангкок қаласында Географиядан халықаралық олимпиада (International Geography Olympiad – IGeO) өтіп жатыр. Беделді білім сайысына әлемнің 50-ге жуық елінен 200-ден астам оқушы қатысып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

Ведомствоның мәліметінше, олимпиада 1 тамызға дейін жалғасады.

IGeO үш кезеңнен тұрады: жазбаша тест, мультимедиялық тапсырмалар және далалық зерттеу туры.

Қазақстан ұлттық құрамасы олимпиада резерві мүшелерінен жасақталған:
Ақжол Болат – Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Андрей Енбахтов – Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы;

Алихан Калмагамбетов – Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Талғат Байбусунов – Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.

Құрама жетекшілері:

Абай Дүйсен – халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
Рустам Валеев – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 2-курс студенті.

Географиядан халықаралық олимпиада 1996 жылдан бері Халықаралық географиялық одақтың (IGU) қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың география және қоршаған орта саласына қызығушылығын арттырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Қазақстан бұл жарысқа 2012 жылдан бастап тұрақты түрде қатысуда. 2024 жылы еліміздің құрамасы 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған болатын.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан оқушылары әлемдегі ең беделді олимпиадада төрт медаль жеңіп алған болатын.