Бангладеш Қазақстанмен Кеден одағы аясында ынтымақтасуға мүдделі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Елшісі Бақытбек Шабарбаевты Дакка қаласында Бангладеш Халық Республикасының сыртқы істер министрі Абул Хассан Махмуд Али қабылдады.

Сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық пен көпжақты өзара әрекеттестіктің ауқымды мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Бангладеш Халық Республикасындағы қоса елшілігі. Сондай-ақ Бангладеш СІМ басшылығына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы таныстырылды.

Әңгіме барысында Абул Хассан Махмуд Али Бангладеш Премьер-министрі Шейх Хасинаның Қазақстан Республикасы Президентінің қызметін ерекше бағалайтынын атап айтты.

Сонымен қатар ол Дакка өзекті халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша қазақстандық басшылықтың белсенді ұстанымын және көптеген маңызды бастамаларын қолдайтынын білдірді.

Қазақстандық дипломат БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз өкілдеріне және «Азия-Европа» форумына ҚР кандидатурасын Бангладеш үкіметі қолдағаны үшін алғыс айтты. Ал Бангладеш тарапы болса, Беларусь, Қазақстан және Ресей кіретін Кеден одағы контекстінде Қазақстанмен ынтымақтасуға қызығушылық танытып, бұл Бангладеш үшін зор мүмкіндіктер аша алатынын көрсетті.

Кездесу соңында Абул Хассан Махмуд Али министр лауазымына тағайындалуына орай Қазақстанның сыртқы саяси мекемесінің басшысы Ерлан Ыдырысовтың атынан білдірілген құттықтау үшін алғыс айтты. Келіссөз нәтижелері бойынша Қазақстан және Бангладеш арасындағы ынтымақтастық одан әрі күшейіп, нығая беретіні нақтыланды.