Бангладеште қызылша індеті өршіп, мыңға жуық бала қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM – Бангладеште наурыз айының ортасынан бері жалғасып келе жатқан қызылша індеті кезінде осы ауруға күдікті болып қайтыс болған балалар саны 999-ға жетті, деп хабарлайды Анадолу агенттігі .

Фото: Anadolu

Бангладеш Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Денсаулық сақтау бас басқармасы елде өршіп тұрған қызылша індетіне қатысты мәлімдеме жасады.

Мәлімдемеге сәйкес, кеше күнгі жағдай бойынша жыл басынан бері қызылшаға күдікті болып қайтыс болған балалар саны 999-ға жеткен.

Соңғы бір айда осы аурудан 100-ден астам бала қайтыс болған елде наурыз айынан бері қызылшаға күдікті 166 мыңнан астам жағдай тіркелген.

Наурызда басталған шұғыл вакцинация науқанының алғашқы кезеңінде 6 айдан 5 жасқа дейінгі балаларға басымдық берілді. Кейін вакцинация үдерісі біртіндеп кеңейтіліп, елдің барлық тұрғындарын қамтуға бағытталды.

Пневмония мен энцефалопатияға әкелуі мүмкін қызылша – вакцинация арқылы алдын алуға болатын әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі.

Бұған дейін АҚШ-та қызылша ауруының таралуы соңғы 35 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткені хабарланған.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында қызылшамен ауырған науқастар саны 300-ге жуықтағанын жаздық.

Ал Түркістан облысында қызылша жұқтырғандар саны артқан, себебі науқастардың 57 пайызы екпе алмаған.