Бангладеште қызылшадан 15 адам қайтыс болды

Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM — Бангладеште қызылша ауруы өршіп тұр. Ел үкіметі жұқпалы сырқаттан 15 адамның көз жұмғанын растады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Сырқаттың өршуі Раджшахи қаласының солтүстік-батысына қатты әсер етті, онда денсаулық сақтау мекемелері эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, ауру жағдайларын қадағалау жұмыстарын арттырды.

Бангладеш үкіметі аурудың таралуын тежеу үшін жедел вакцинация бағдарламасын іске қосуға дайындалып жатыр.

Қызылша — ең жұқпалы дерттің бірі, оның жаппай таралуынан сақтау үшін халықтың 95%-на екпе салу қажет.

Бангладеш үкіметі алдағы жексенбіден бастап жедел ұлттық вакцинация науқанын бастайды. Екпе егу жұмыстары ең алдымен жоғары қауіпті аймақтардан басталады.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қызылша дендеп тұрған кезеңде вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін атап, ата-аналарды балаларын қорғауға шақырған еді. Министр қызылша «қарапайым балалар инфекциясы» емес деп, ол пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.