Бангладеште тігін фабрикасынан өрт шығып, 16 адам мерт болды

Фото: report.az

АСТАНА. KAZINFORM – Даккадағы өрт құрбандарының саны 16-ға жетті. Бұл туралы The Daily Star басылымы мәлім етті, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

Осыған дейін ел астанасының Рупнагар ауданындағы химиялық заттар орналасқан қойма жанындағы тігін фабрикасы ғимаратынан шыққан өрттен 9 адамның көз жұмғаны хабарланды.

Шұғыл қызметтердің алдын ала мәліметтері бойынша, өрттің шығуына өте улы газдың жарылуы себеп болған. Адамдар да сол газға уланып, мерт болған.

Химиялық заттар орналасқан қойма әлі жанып жатыр. Улы затардың қаупіне байланысты қазір өрт сөндірушілер жалынға жақындай алмай жатыр.

Осыған дейін Павлодарда ер адам әйелі мен үш баласын өрттен құтқарып, өзі құрбан болғаны туралы жаздық.