Басылымның мәліметінше, ел астанасы Дакка мен солтүстіктегі Богра, Пабна мен Рангпур, сондай-ақ батыстағы Магура, шығыстағы Комилла және оңтүстігіндегі Барисал мен Фени қалаларында жағдай шиеленісіп кеткен. Шілде айының басында студенттердің үкіметтік жұмыс орындарына квота жүйесін тоқтатуды талап еткен наразылықтар зорлық-зомбылыққа ұласып, жүздеген адамның өмірін қиған соң шерушілер Хасинаның отставкаға кетуін талап етті. Олар үкімет отставкаға кетпейінше тоқтамаймыз деп отыр.
Шеру қайта жалғасып, көшелер адамға толды. Көптеген аймаққа зақым келді. Дакканың Шахбаг ауданындағы ірі мемлекеттік аурухана – Бангабандху Шейх Мужиб медициналық университетіне шабуыл жасалып, бірнеше көлік өртенді. Сондай-ақ астананың Уттара ауданында полиция ірі тас жолды жауып тұрған жүздеген адамды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды.
Шерушілер билік партиясының жүздеген белсенділері болған аудандағы үйлерге шабуыл жасап, әлеуметтік қорғау кеңсесін қиратты. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше қолдан жасалған жарылғыш заттар іске қосылып, атыс даусы естілген.
Наразылықтар қазір шамамен 170 миллион халқы бар Оңтүстік Азия мемлекетінде үкіметке қарсы жасалған кеңірек қозғалысқа айналды. Кейінгі аптада кем дегенде 11 000 адам қамауға алынды.