Бангладеште жастар көшбасшысы қаза тапқаннан кейін елде тәртіпсіздіктер басталды

Фото: The Daily Star

АСТАНА. KAZINFORM — Бангладеште бұрынғы премьер-министр Шейх Хасинаны биліктен тайдырған жастар қозғалысының көрнекті жетекшілерінің бірі қаза тапқаннан кейін жаппай тәртіпсіздіктер болды, деп хабарлайды ВВС.

Шариф Осман Хади өткен аптада Дакка қаласында мешіттен шығып келе жатқан кезде бетперде киген белгісіз адамдардың шабуылына ұшырап, оқ жарақатын алған. Ол алған жарақаттарының салдарынан Сингапурда ауруханада бейсенбі күні көз жұмды.

Атыс оқиғасы Бангладеш билігі былтырғы көтерілістен кейін өтетін алғашқы сайлаудың күнін жариялағаннан бір күн өткен соң болған. Хади бұл сайлауға тәуелсіз кандидат ретінде қатысуды жоспарлаған еді.

Оның қазасы белгілі болған бейсенбі күні астанадағы алаңға жүздеген жақтастар жиналып, наразылық білдірді.

Кейін демонстранттар Бангладештің беделді The Daily Star және Prothom Alo газеттерінің кеңселерін қиратты, ғимараттардың біріне от қойылды.

«Мұнда жүздеген адам жиналып, шабуыл жасады», деді полиция қызметкері BBC Bangla телеарнасына.

Оқиға орнына әскерилер жіберіліп, өрт сөндірушілер ғимарат ішінде қалып қойған журналистерді құтқарды.

32 жастағы Хади «Инкилаб Манча» студенттік наразылық тобының жетекші тұлғаларының бірі болды және ол қазіргі уақытта өз еркімен эмиграцияда жүрген Шейх Хасина паналаған көрші Үндістанды ашық сынға алып жүрген.

Айта кетейік, Бангладеш билігі экс-премьер-министр Шейх Хасинаның банктегі жеке сейфінен 10 кг алтын тәркіледі.