Бангладештегі сайлауда Шейх Хасина жеңіске жетті

НЬЮ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат - Кеше Бангладеште өткен парламент сайлауының қорытындысы бойынша, билеуші «Авами лиг» партиясының басшылығындағы «Үлкен альянс» коалициясы жеңіске жетті. Бұл туралы елдің Сайлау комиссиясына сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлайды.

Альянс парламенттегі 300 орынның 288-ін иеленген.

The Daily Star сайтының жазуынша, альянстың бақталасы, басты оппозициялық күш саналатын Бангладеш Ұлттық партиясы басшылық ететін «Біріккен ұлттық майданға» парламенттен небәрі 7 орын бұйырған. Осылайша, елдің қазіргі премьер-министрі Шейх Хасина төртінші рет осы лауазымға сайланып отыр.

Еске сала кетейік, кеше Бангладеште парламенттің 11-шақырылымына сайлау өтті. Сайлау жүріп жатқан кезде билеуші партияның жақтастары мен оппозицияшылдардың арасында бүлік шығып, тәртіпсіздік салдарынан бірнеше адам қаза тапқан болатын.