Бангладештің 20 млн тұрғыны күшәла ерітіндісімен уландырылған су ішіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Human Rights Watch құқық қорғаушы ұйымының жаңа баяндамасына сәйкес, Бангладештің 20 млн жуық тұрғыны күшәла ерітіндісімен уландырылған су ішіп жатыр, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Құқық қорғаушылар бұл елде лас су проблемасы халықаралық деңгейде жиырма жыл бұрын талқыланғанын, алайда сол кезден бастап жағдайдың өзгермегенін атап өтуде.

«Бангладеш билігі кедей ауылдық аудандарда миллиондаған адам ішетін суды күшәла ерітіндісінен тазарту үшін шаралар қолданған жоқ», - делінген ұйым мәлімдемесінде.

Құқық қорғаушылар ел билігін азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесін елемейтіндігіне айыптап отыр, алайда билік мұны мойындамауда.

Ел үкіметінің ресми өкілі Абдул Мәлік Би-би-си агенттігіне берген сұхбатында ел билігі жағдайдың жақсаруына қол жеткізгенін мәлімдеді: қазіргі кезде ластанған суды тұрғындардың 13 пайызы ішіп отыр, ал 20 жыл бұрын мәселе тұрғындардың 20 пайызы туралы болған. Ел билігі бұл проблеманы 2020 жылға қарай толық шешуді уәде етті.

ДДСҰ-ның мәліметтерінше, құрамында күшәла ерітіндісі бар су жыл сайын Бангладеште 24 мың адамның өліміне себеп болады. Көбіне елдің кедей тұратын ауылдық аудандарының тұрғындары көз жұмған.