Банк қызметкері өмір бойына бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Вьетнамда ел тарихында алаяқтық бойынша үлкен сот процесі аяқталды. Сотталушылар ретінде жауапқа 200 миллион долларды заңсыз иемденген банктің 23 қызметкері тартылды.

Алаяқтықты ұйымдастырушы Хюинь Тхи Хюен Ню өмір бойы абақтыда отыру жазасына кесілді. Оның қалған әріптестері бір жылдан жиырма жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Тергеу нәтижесіне қарағанда, Ню және VietinBank-тің өзге қызметкерлері несиелендіру ережелерін бұзып, өкілеттігін теріс пайдаланған. Сонымен қатар, олар мөрлер мен түрлі құжаттарды бұрмалап, мемлекетке вьетнамдық 4 триллион донг (200 млн. доллар) көлемінде залал келтірген.

VietinBank Вьетнамның мемлекеттік банкіне қарасты өнеркәсіп және сауда банкі болып табылады. Сарапшылардың пайымынша, VietinBank ісі елде банктік дағдарысқа алып келуі мүмкін.