Банк қызметкерлері 150 литрге жуық қан тапсырды

АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның 356 қызметкері 150 литрге жуық донорлық қан тапсырды.

Бұл шара «Қан тапсырып, өмір сыйла» деп аталатын ерікті қан тапсыру акциясы аясында жүзеге асты. Акция шеңберінде жиналған қан еліміздің медицина мекемелеріне онкологиялық және гематологиялық қатерлі ауруға шалдыққан ауыр науқастарға көмек ретінде жіберілді.

Бүгінгі күні еліміз бойынша донорлар саны орта есеппен алғанда 1 мың тұрғынға шаққанда 18 адамнан келіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сүйенетін болсақ, қанға мұқтаж науқастардың барлығын қамтамасыз ету үшін қан қорының мұндай көрсеткіштік қатынасы 1 мың адамға 50 донордан болу керек. Мамандардың айтуынша, мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін ерікті түрде ақысыз қан тапсыру қалыпты қоғамдық нормаға айналуы қажет.