Банк шотын есірткі сатушыларға әдейі берген адамдарға қылмыстық іс қозғалды

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM –  «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ІІМ интернеттегі есірткі қылмыстарын және оларды қаржыландырудың алдын алып жатыр, – деп жазды Polisia.kz.

Биыл 16 қыркүйектен бастап өз банк шотыңызды бөгде адамдардың қылмыстық мақсатта пайдалануына рұқсат бергені, яғни дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл өзгеріс ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында қарастырылған.

Жаңа норма күшіне енгеннен бері ел бойынша банк шотын есірткі сатушыларға сыйақы үшін әдейі берген адамдарға қатысты 10 қылмыстық іс тіркелді.

Орал қаласында 18 жастағы жігіт өз төлем картасын қылмыстық топқа беріп, олар оны екі ай бойы есірткі сатумен байланысты қаржылық операциялар үшін пайдаланған. Күдікті ұсталып, кінәсін мойындады.

Сондай-ақ Семейде 23 жастағы тұрғын өз банк картасын үш ай бойы есірткі сатудан түскен ақшаны шығаруға қолдануға рұқсат еткен. Атырау облысында да 21 жастағы қыз өз картасына 400-ден астам ақша аударымын жасауға рұқсат еткен. Қаржы есірткі саудасынан түскен.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті осындай қылмыстар үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын ескертеді.

- Өз банк реквизиттеріңізді бөгде адамдарға ешқашан бермеңіз, тіпті ақша үшін де. Бұл сіздің тағдырыңызға балта шабуы мүмкін, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Жетісу облысында азаматтардың атына 40 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ сотталды.