Банк туралы заң жобасынан ислам ипотекасына жол ашатын норма түсіп қалған — Ләззат Ибрагимова
АСТАНА. KAZINFORM — Банктер туралы және Банк қызметі туралы заңдардың жобасынан ислам шарттарымен тұрғын үйге ақша жинау туралы норма түсіп қалған. Бұл туралы «Отбасы банк» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Мәжілістің қоғамдық палата отырысында айтты.
— Кейінгі екі аптада әлеуметтік желіде челлендж жүріп жатыр. Онда жас қыздар, жас әйелдер «Отбасы банкке» өтініш жолдап жатыр. Осыған дейін Мәжіліс қабырғасында бірнеше рет 2026 жылы ислам ипотекасын бастаймыз деп уәде берген едік. Бұл — өте үлкен сұраныс. Әсіресе дін ұстанатын жастар қауымынан сұраныс жоғары, — дейді ол.
«Отбасы банк» басшысы халықтың осы сұранысына бағытталған норманы банк туралы жаңа заңдардың жобасына қайта қосуға күш салатынын айтты.
— Өкінішке қарай, банктер туралы және Банк қызметі туралы заң жобалары Мәжіліске кірген кезде тұрғын үй жинақтарын ислам ережелерімен қаржыландыруға мүмкіндік беру туралы норма болған. Бірақ Мәжілістен шыққанда сол норма жоғалып кетті. Қазір осы мәселе бойынша Сенатқа жүгінбекшіміз, — деді Ләззат Ибрагимова.
Ақыры қоғамдық палата өкілдері бұл норманың мәселесін арнайы жұмыс тобында тағы пысықтау керек деген тоқтамға келді.
Бұған дейін Қазақстанда кейбір банктердің жанынан шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестер құрылатынын жазған едік.