Банк жүйесінде қалыптасып отырған күрделі мәселелердің бірі - проблемалы кредиттер - М. Байсынов

АЛМАТЫ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қаржы секторындағы ахуал тұрақты. Былтыр көптеген шаралар жасалынды.

Егер мәселелі кредиттер жайы шешіліп жататын болса, банк жүйесі қалыпты өз дамуына қарай қадам жасайтын болады». Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары Мұрат Байсынов Алматыда Агенттіктің 2010 жылғы жұмыстарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты.

«Алдағы уақытта банктердің проблемалы активтерін тазалауда, яғни қалыпқа келтіруде түрлі қадамдар жасалады. Банктер проблемалы активтерді беретін компанияларды құрады. Сонымен бірге заемшылардың жағдайын жақсартуға бағытталған заң жобасы қабылданады. Ипотекалық несие алушылар мен инвесторлардың құқын қорғайтын бұл заң жобасы Елбасына қол қоюға берілді», - дейді Мұрат Байсынұлы.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы қабылданған жағдайда банктік заем шарты бойынша өсімпұлдық мөлшер осындай шарттық қолданысының әр жылғы заем сомасының 10 пайыздан жоғары болмайды. Кепіл берушінің жазбаша бас тартуы болған жағдайда кепілде тұрған мүлік соттан тыс сатылмайды.

М. Байсыновтың айтуынша, заң жобасында Ұлттық банк ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің келісімімен нормативтік құқықтық акт қабылдайды. Ол бойынша банктер кредитке онда көрсетілген көлемнен артық үстеме қоя алмайды.