Банкаралық депозиттердің көлемі 42,7 пайызға ұлғайды

Фото: None
АЛМАТЫ. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Маусымда орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі мамырмен салыстырғанда 42,7 пайызға ұлғайды.

Бұл туралы  бүгін Ұлттық банк төрағасының Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен айда банкаралық депозиттер теңгеде - 52,5 пайызға, долларда - 40,5 пайызға, еурода 22,5 пайызға өсті. Орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 43,3 пайызы  - теңгенің, ал  41,4 пайызы - доллар, 14,7 пайызы - еуро, 0,6 пайызы рубльдің еншісінде болды. Онда орташа сыйақы мөлшерлемесі теңгеде мамырдағы 4,60 пайыздан маусымда 4,37 пайызға дейін төмендеді. Ал өсім  долларда  0,87-ден 1,99 пайызды, еурода 0,49-дан 0,55 пайызды құрады.

Жалпы шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі кейінгі уақытта төмендеу үрдісіне қарамастан, орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 56,7 пайызын құрап, жоғары деңгейде қалуда.