Банкомат жанындағы бақылау: Петропавлда жаңа алгоритм алаяқтардың жоспарын бұзды

Фото: Polisia.kz

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл қаласында интернет-алаяқтықтың жолын кесуге бағытталған жаңа алгоритм тиімділігін көрсетті. Жаңа тәсілдің арқасында бір апта ішінде 7 миллион теңгеден астам қаражат алаяқтардың қолына түспей қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 270-тен астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, бұл өңірдегі барлық қылмыстың төрттен бірін құрап отыр.

Полиция департаменті басшылығының бастамасымен Петропавлдағы сауда-ойын-сауық орталықтарында полиция мен жекеменшік күзет қызметкерлері бірлесіп кезекшілік атқарып, банкомат маңындағы жағдайды бақылауда ұстайды. Әсіресе, телефонмен сөйлесіп, абдыраған күйде ақша аудармақ болған егде жастағы азаматтарға ерекше назар аударылады.

Алаяқтардың жиі қолданатын әдістері: «Сіздің атыңызға несие рәсімделді» немесе «Анашым, мен жол апатына түстім» деген желеумен ақша талап ету.

Мысалы, тәртіп сақшылары 74 жастағы зейнеткерді банкомат жанында байқап қалып, оны алаяқтан құтқарып қалды. Әйелге өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам атына несие рәсімделгенін айтып, 500 мың теңгені «қауіпсіз шотқа» аударуды сұраған. Уақытылы араласудың арқасында бұл әрекетке тосқауыл қойылды.

Дәл осындай жағдайда 75 жастағы тағы бір тұрғын да алаяққа ақша аударуға оқталған. Қырағылық танытқан күзетші мен полицияның жедел әрекеті оның да қаражатын сақтап қалуға сеп болды.

Үшінші оқиғада зейнеткер ерлі-зайыпты 6 миллион теңгесінен айырылып қала жаздады. Олар 1,5 миллион теңгені аударып үлгергенімен, полиция қызметкерлерінің түсіндіру жұмысы нәтижесінде қалған 4,5 миллион теңгені аман алып қалды.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, бұл алгоритм өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Болашақта оны жетілдіру, кеңейту және үздік қызметкерлерді ынталандыру жоспарланған.

Полиция азаматтарды зейнет жасындағы туыстары мен таныстарына алаяқтық әдістерін түсіндіріп, банкомат алдында жалғыз қалдырмауға шақырады. Күмәнді жағдайда банкпен немесе «102» нөміріне қоңырау шалу қажеттігі ескертіледі.

Айта кетейік, Оралда 13 адамға 6,5 млн теңге залал келтірген алаяқ ұсталды.