Банкрот деп танылған қазақстандықтардың 120 млрд теңге қарызы кешірілген

Фото: Ринат Дусумов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Өзін банкрот деп жариялағысы келген 200 мыңнан астам адамның 145 мыңының өтініші кері қайтарылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

— Жеке тұлғаларды банкрот деп тану қызметі іске қосылғаннан бері жалпы сомасы қанша теңгенің қарызы кешірілді, — деп сұрады журналист Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметовтен.

Комитет өкілінің айтуынша, бүгінге дейін 22 мыңнан астам қазақстандық банкроттық рәсімдеген.

— Бүгінгі таңда жеке тұлғалардан өзін банкрот деп тану туралы 200 мыңнан астам өтініш түсті. Олардың 22 600-ы банкрот деп танылды, 120 млрд теңгенің қарызы кешірілді. 145 мың азаматтың өтініші кері қайтарылды, — деді Сейілжан Ахметов.

Бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 252 дәрменсіз борышкер банкрот деп танылғанын жазған едік. Сондай-ақ жыл басынан бері 37,7 мың қазақстандық бакнрот деп танылған.