14:14, 12 Мамыр 2009
Банктер апта соңына дейін ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға бөлінген 120 млрд. теңгенің 80 млрд. теңгесін игеретін болады - Қ. Келімбетов
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысып жатқан екінші деңгейлі банктер осы аптаның соңына дейін бұл мақсатқа бөлінген 120 млрд. теңгенің 80 млрд. теңгесін игеретін болады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, бұл бағдарлама бойынша банктерге бүгінгі күні 99 млрд. теңгенің өтініштері түскен. Оның ішінде сомасы 60 млрд. теңгеден астам 14 мыңнан астам қарыз алушының өтініші мақұлданған. «Бүгінгі күнде Центр Кредит банкі, АТФ банкі, Еуразиялық банк, Темір банкі, Каспий банкі бұл бағдарламаны орындады. Тағы бір банк қаржыны мамырдың 15-не таман игереді. Ірі банктер бөлінген қаржыны игеруді айдың соңында аяқтайды», - деді Қ. Келімбетов. Оның айтуынша, өңірлер бөлінісінде қаржыны Алматы мен Астана қалалары көбірек игерген. Мәселен, Алматыда 14 млрд. теңгеден, ал Астанада11 млрд. теңгеден астам ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру жөніндегі өтініштер мақұлданған.