Банктер арасындағы ортақ QR-кодқа екі банк қана қосылған
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі – Цифрлық транзакциялар жөніндегі жетекші Бинұр Жаленов банктер арасындағы бірыңғай мобильді аударым жүйесі қашан жұмыс істей бастайтынын айтты.
- Жүйе былтыр әзірленіп, қанатқақты режимде іске қосылған болатын. Бүгінгі таңда банктер кезең-кезеңмен осы жүйеге қосылып жатыр. Ұлттық төлем корпорациясы 9 банкпен келісімшарт бекітті. Ол тоғыз банк – Халық банк, Банк Центр кредит, Freedom bank, РБК, Алтын банк, Береке банк, Forte bank, HomeCredit bank және Nurbank.
Келісімшарттың бекітілуі аталған банктер жүйеге қосылау бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр деген сөз. Біз маусым айында клиенттер алғашқы бес банктің арасында телефон нөмірі бойынша аударым жасай бастайды деп күтіп отырмыз. Тізімдегі бес банк – Халық банк, Freedom, RBK, Алтын банк және Home Credit. Кейін өзгелері де қосылады, - деді Бинұр Жаленов Ұлттын банкте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, ол банктер арасындағы QR-төлемдер құралы қолданысқа дайын екенін мәлім етті.
- Freedom bank пен RBK жұмысты аяқтады. Оның сыртында тағы 4 екінші деңгейлі банкпен белсенді жұмыс жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін бірнеше банк осы құралды іске қосады деп күтіп отырмыз, - деді Ұлттық банк басшысының кеңесшісі.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов банктер мобильді аударымдар комиссиясын қашан түсіретінін айтқан еді.