Банктер ел экономикасын қаржыландырғысы келмейді - Қ.Келімбетов

None
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгінде екінші деңгейлі банктер индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына атсалысып, ел экономикасын қаржыландыруға асықпайды. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов осындай мәлімдеме жасады.

Бас банкир атап көрсеткендей, бүгінде банктердің басым бөлігі несие беруден бұрын оны қайтару жұмысымен айналысып жатады. «Олай жүре берсек, еліміздің индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын және отандық экономиканың өсімін қамтамасыз ету қиынға соғады. Қазіргі өсім 10 пайыздан асса да, ол көрсеткіш жеткіліксіз болып тұр. Негізі, ондай проблема көптеген мемлекеттерде қалыптасып отыр. Банктер экономиканы қаржыландырғысы келмейді. Бұл - негізгі мәселе. Оларда (банктер - авт.) ақша бар, депозиттер де аз емес. Демек, пайда түсіп жатыр. Алайда банктер ел экономикасын қаржыландыруға асықпайды», - дейді Қ.Келімбетов. Оның айтуынша, келесі жылы Ұлттық банк аталған мәселеге еркеше көңіл бөлетін болады.