Банктер қаржылай қиындыққа тап болған адамның несие шарттарын жеңілдетуге міндетті – Заң көмегі

АСТАНА. KAZINFORM – Несие төлеп жүрген адамның қаржылық жағдайы әртүрлі себеппен нашарлауы мүмкін. Отбасында сәби дүниеге келеді, ерлі-зайыптының бірі декретке шығады, ажырасады, үйге табыс әкелушінің бірі қайтыс болады, адам жұмыссыз қалады немесе алаяқтардың кесірінен қомақты шығынға ұшырап жатады. Мұндай жағдайда төлемнің кешігуін күтпей-ақ банкке жүгінуге болатын тетіктер бар. Төлем кешіксе де заң несие шарттарын қайта қараудың нақты мүмкіндіктерін береді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Төлем әлі кешікпесе: алдын ала әрекет етуге болады

«Банктер және банк қызметі туралы» заңның 57-бабының 4-тармағы банкке қарыз алушы үшін қарыз шартының талаптарын жақсартуға мүмкіндік береді.

Олар:

- комиссиялар мен өзге де төлемдерді азайту немесе жою;

- айыппұлдар мен өсімпұлдарды азайту немесе жою;

- сыйақы мөлшерлемесін төмендету;

- төлемді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу;

-ипотеканы шетел валютасынан теңгеге ауыстыру.

Яғни адам несие төлемін әлі кешіктірмей тұрып, алдағы уақытта оны төлеу қиындайтынын түсінсе, банкке алдын ала жүгініп, осы өзгерістердің бірін немесе бірнешеуін сұрай алады. Ол үшін қаржылай жағдайдың қиындағанын дәлелдейтін құжат болу міндетті. Ондай дәлелсіз банктің несие шартын қайта қарауы екіталай.

Қандай жағдайлар негіз болуы мүмкін?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026 жылдың 28 сәуіріндегі №83 қаулысы бар. Осы қаулыда жоғарыда аталған жеңілдіктерге қандай өмірлік жағдайлар негіз болатыны анық жазылған.

Отбасында сәби дүниеге келуі немесе жұбайының декретке шығуы.
Құжаттар: баланың туу туралы куәлігі; жүктілікке және босануға байланысты демалысты немесе бала күтімі бойынша демалысты растайтын құжат.

Ажырасу.
Құжаттар: некені бұзу туралы куәлік немесе сот актісі; қажет болса, табыстың өзгергенін растайтын (алимент міндеттемесі туралы анықтама және т.б.) құжаттар.

Отбасындағы табыс әкелушінің бірінің қайтыс болуы.
Құжат: қайтыс болғаны туралы куәлік, марқұмның табысы туралы мәліметтер, банк шотындағы ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме.

Жұмыссыз қалу немесе табыстың азаюы.
Құжаттар: жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама, жұмыстан босатуды растайтын құжат, табыс туралы мәліметтер, банк шотындағы ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме.

Алаяқтардың әрекетінен материалдық зиян келуі.
Құжаттар: құқық қорғау органына жүгінгенін растайтын құжаттар (қылмыстық істің қозғалғаны, несие төлеушінің зардап шегуші екені туралы анықтама) және келтірілген материалдық залалды растайтын құжаттар.

Бұл жағдайлардың болуы банк белгілі бір жеңілдікті автоматты түрде беруге тиіс дегенді білдірмейді. Несие төлеуші қаржылық жағдайының қиындағанын табанды әрі сауатты негіздеген жағдайда ғана банк келісімге баруы мүмкін.

Фото: Total merchant resources

 

Төлем кешіксе: 61-баптағы 10 мүмкіндік

Егер төлем мерзімі өтіп кетсе, мәселе «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 61-бабында көзделген берешекті реттеу тәртібіне өтеді.

Банк мерзімі өткен төлем туралы қарыз алушыға күнтізбе бойынша 10 күннен кешіктірмей хабарлауға тиіс. Қарыз алушы хабарламаны алған күннен бастап 30 күн ішінде банкке өзінің ұсынысын бере алады.

Заң қарыз алушыға мына 10 нұсқаның бірін немесе бірнешеуін ұсынуға мүмкіндік береді.

1. Сыйақы мөлшерлемесін төмендету

2. Ай сайынғы төлемді кемінде 50%-ға азайту

3. Шетел валютасымен берілген қарызды теңгеге ауыстырту

4. Негізгі борышты немесе сыйақыны кейінге қалдыру

5. Қарызды өтеу әдісін немесе кезектілігін өзгерту

6. Қарыз мерзімін өзгерту

7. Мерзімі өткен берешекті және қосымша төлемдерді кешіру

8. Ипотекаға алынған үйді өз бетінше сату (Ипотекалық жылжымайтын мүлікті қарыз алушының өзі сатуы арқылы берешекті реттеу нұсқасын ұсынуға болады).

9. Кепілдегі немесе өзге мүлікті банкке беру

10. Ипотекаға алынған үйді қарыз міндеттемесімен бірге сату

61-бапқа қандай жағдайлар негіз бола алады?

Негізгі өмірлік жағдайлар өзгермейді:

- сәби дүниеге келсе немесе жұбайы декретке шықса – туу туралы куәлік, декреттік немесе бала күтімі демалысын растайтын құжат;

- ерлі-зайыпты ажырасса – некені бұзу туралы куәлік немесе сот актісі, қажет болса табыстың өзгергенін растайтын құжат;

- отбасының табыс әкелуші мүшесі қайтыс болса – қайтыс болғаны туралы куәлік;

- адам жұмыссыз қалды немесе табысы азайса – жұмыстан босатылғанын немесе жұмыссыз ретінде тіркелгенін растайтын құжаттар, табыс туралы мәліметтер;

- үшінші тұлғалардың заңға қайшы әрекетінен материалдық зиян келсе – құқық қорғау органының құжаттары және материалдық залалды растайтын құжаттар.

Осы жағдайларға байланысты қарыз алушы жоғарыдағы 10 ұсыныстың өз жағдайына сәйкес келетін біреуін немесе бірнешеуін таңдауы мүмкін.

Мысалы, жұмыссыз қалған адам қарыз мерзімін ұзартуды және төлемді уақытша кейінге қалдыруды қатар ұсына алады. Декретке байланысты отбасы табысы азайған жағдайда төлемді азайтуды, мерзімді ұзартуды немесе негізгі борыш пен сыйақыны кейінге қалдыруды сұрауға болады.

Ал валюталық қарызды теңгеге ауыстыру немесе ипотекалық үйді сату сияқты нұсқалар тиісті қарыздың түріне байланысты.

Банкке қалай жүгіну керек?

Өтініште қаржылық жағдайдың не себепті өзгергенін, оның несие төлеуге қалай әсер еткенін және банктен нақты қандай өзгеріс сұрайтынын жазу керек.

Мысалы:

«Жұбайым 2026 жылғы қыркүйекте бала күтімі бойынша демалысқа шықты. Осыған байланысты отбасының ай сайынғы табысы 600 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін төмендеді. Осыған байланысты ай сайынғы төлемді азайтуды және қарыз мерзімін ұзартуды сұраймын».

Фото: Астана әкімдігі

Өтінішке жағдайды растайтын құжаттар қоса беріледі.

Төлем әлі кешікпесе, банкке алдын ала жүгінуге болады. Бұл жағдайда 57-баптың 4-тармағындағы қарыз алушы үшін тиімді шарттарды өзгерту тетігі қолданылады.

Төлем кешіксе, банк хабарламасын алғаннан кейін 30 күндік мерзімді өткізіп алмау маңызды. Қарыз алушы 61-баптағы 10 ұсыныстың бірін немесе бірнешеуін бере алады.

Банк өтінішті күнтізбе бойынша 15 күн ішінде қарап, ұсынылған өзгерістермен келісуге, өз нұсқасын ұсынуға немесе бас тарту себептерін көрсетуге тиіс.

Өтініштің қабылданғанын және банктің жауабын растайтын құжаттарды сақтап қойған жөн.

Банк бас тартса, қаржы омбудсменіне жүгіну керек

Егер банк ұсынысты қабылдамаса немесе тараптар ортақ шешімге келе алмаса, қарыз алушы қаржы омбудсменіне жүгіне алады.

Бұл үшін алдымен банкке жүгінгенін және оның жауабын растайтын құжаттар қажет. Омбудсменге жүгіну банк шешімін алған күннен немесе тараптар келісімге келе алмаған күннен бастап үш ай ішінде іске асу керек.

Омбудсмен банк пен қарыз алушы арасындағы дауды сотқа дейін реттеуге көмектеседі.

Несие сарапшысы Бейбіт Бексұлтанованың айтуынша, қазақстандықтардың арасында ең жиі кездесетін қателік – қаржылық жағдайы қиындағанда банкке мәлімдеудің орнына қорқып, хабарсыз кетуі.

- Заң бойынша, банктер қаржылық жағдайын айтып жүгінген клиенттің несие шартын қайта қарауға міндетті. Бизнесте ғана емес, отбасыңда қаржылық жағдай туындаса, дәлелдеуің керек. Мысалы, нәресте дүниеге келсе, ол да қаржылық қиындық деп қарауға болады. Егде жастағы ата-анаңызды қолыңызға алсаңыз да, оны қаржылық қиындық ретінде қарастыруға болады. Бизнесіңіз жүрмей бастаса, бұрынғы қаржы айналымы мен қазіргіні қатар ұсынып дәлелдеуге болады. Банктен несие жеңілдігін сұрау үшін міндетті түрде аяқ сынып, бас жарылу керек емес. Жуықта бір банк клиентіне несие шарттарын қайта қарауға негіз болатын негіздемелердің тізімін беріпті. Мүгедектік. Қатерлі ісіктің төртінші кезеңі деген сияқты қорқынышты жағдайларды тізіп қойған. Ал негізінде жеңілдікке негіз болатын өмірлік жағдайлар заңнамада анық жазылған.

Қиындықты дәлелдейтін құжат болса, банк несие шартын қайта қарап, бірнеше жеңілдік жолын ұсынуға міндетті. Менің тәжірибемде жуықта ғана бір ер азамат заңның несие төлеуші жағында екенін біліп, пайыздық мөлшерлемені 35-тен 19 пайызға дейін түсірткізіп алған жағдайы болды. Банк несие шарттарын қайта қараудан бас тартса, оның қызметін қадағалап отырған Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар. Сол мекемелерге шағымдану қажет. 1 шілдеден бастап finkelisim.kz. порталы іске қосылды. Е-өтініш арқылы да шағым түсіре аласыз, - дейді сарапшы.

Ол айтып отырған finkelisim.kz. – бірнеше қаржы ұйымынан қарыз алып, төлемін 90 күннен астам кешіктірген, қарыздың жалпы сомасы 150-600 айлық есептік көрсеткіш аралығындағы қазақстандықтардың мәселесін бір ғана өтініш негізінде, «бір терезеден» шешуге арналған платформа.

Түйіндесек, несиені төлеу қиындай бастағанда банкпен байланысты үзбей, керісінше, төлем кешіккенше немесе мерзімі өткен берешек көбейіп кеткенше әрекет ету маңызды.