Кездесуге Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қатысты.
Жиын барысында капитал нарығын дамыту және Бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеу, синдикатталған кредиттеуді және инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер мен «Бәйтерек» холдингінің бизнесті қаржыландырудағы өзара іс-қимылы, кәсіпорындарды қаржылық сауықтыру және салықтық әкімшілендіру, энергетика мен коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаны іске асыру жайы сөз болды.
Кездесу қорытындысында тараптар экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту, қаржы нарығын дамыту және бизнесті қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтуге келісті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов жылдық инфляцияның тоғыз ай қатарынан баяулауына әсер еткен негізгі себептерді атаған еді.