Бұл елордада өткен баспасөз мәслихатында базалық мөлшерлеменің төмендегеніне қарамастан, банктердің несие бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелерді неліктен сақтап отырғаны және Ұлттық банктің бұл жағдайға ықпал етуі мүмкіндігі жөнінде сұралды.
Тимур Сүлейменов ақша-несие саясаты мен базалық мөлшерлеменің экономикаға белгілі бір уақытша кідіріспен әсер ететінін атап өтті. Ұлттық банктің мөлшерлемені төмендетуі коммерциялық банктердің несие шарттарын бірден қайта қарай бастайтынын білдірмейді.
— Белгілі бір уақыт өткеннен кейін, олар келісімдерді қайта қарай бастайды. Екінші тарап: «Біз бастапқыда бұл қаржыландыруды 17%-бен алған едік, бірақ қазір мөлшерлемелер төмендеді. Сондықтан оны 15% немесе 16%-ға дейін өзгертсек қайтеді?» – деп өтінім білдіруі мүмкін. Алайда, келісім өз күшінде болған кезде, онда көрсетілген мөлшерлемелер қолданыла береді. Нәтижесінде, белгілі бір уақыт аралығында аталған кідіріс мерзімі бар, яғни 9 айдан 12 айға дейін, ал кейбір өнімдер бойынша одан да ұзағырақ болуы мүмкін. Біз бұл әсерді біртіндеп байқай бастадық. Экономикадағы несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерге қарасаңыз, олар жыл басынан бері шамамен бір пайыздық тармаққа төмендеді. Демек, төмендеу үрдісі жүріп жатыр және осы жағдай жалғасады деп санаймыз, — деді ҰБ басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.