Банктер сыртқы қарыздарының үштен бірін қайтарды - Г.Марченко

sp;АЛМАТЫ. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Қазақстандық банктер сыртқы қарызының үштен бірін қайтарып үлгерді.

Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР Ұлттық банкінің басшысы Г. Марченко «Bnews» интернет порталында болған конференция барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«2007 жылы дағдарыстың ең қатты кезінде Қазақстандық банктердің сыртқы қарызы 46 милиард АҚШ долларын құраған болатын. Бұл ішкі жалпы өнімнің 50 пайызы көлемін құрайды. Қазір банктер бұның үштен бірін қайтарды. Альянс банк пен БТА сынды екі ірі банк сыртқы қарыздарын қайта құрылымдау үстінде. Бұдан соң сыртқы қарыз тағы бірнеше миллиард долларға азая түседі» деді Г. Марченко.

Ұлттық банк басшысы екі банктің сыртқы қарызын қайта құрылымдауынан соң, сыртқы қарыздың ІЖӨ-ге үлесі 25 пайыздан төмен болады деді. «Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 32 пайыз көлемінде. Ал келесі жылы кейбір банктер сыртқы нарыққа шыға алады деп ойлаймын», деді бас банкир.

Г. Марченконың пікірінше, дағдарыстан соң елімізде қанша банктің жұмыс істейтіндігін нарық анықтайды. «1993 жылы Қазақстанда 230 банк жұмыс істеген. Жалпы, Қазақстанда 30 әлде 40 банк бола ма, ол маңызды емес. Бастысы бәсекелестік, соның арқасында тарифтер мен пайыздық мөлшерлемелер төмендесе болды», деді ол. Оның айтуынша, өткен 9 айда тұрғындардың салымдары 24 пайызға өскен. Тұрғындар арасында банкке сенім артып, теңгелік салымдар көбеюде.